25 Ақпан, 2015 NEWS
Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романы және Қазақ хандығының тарихы
Берекет Бақытжанұлы Кәрібаев,
Берекет Бақытжанұлы Кәрібаев,
ҚР ҰҒА корреспондент – мүшесі,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры.
тарих ғылымдарының докторы.
"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне
XVIII ғасырда айтылды деген «Ұлттық сананың оянуы мен нығаюында тарихтың атқарар рөлін ешбір қоғамдық ғылым атқара алмайды» деген қағида қазақ елі үшін ешқашан өз мәнін жоғалтпақ емес. Кешегі кеңестік кезеңде Одақтың құрамында болған барлық елдер тарихы қатаң партиялық бақылауда болып, бір партияның тарихы мен бір елдің тарихы міндетті пән түрде оқытылғаны белгілі. Бұл үрдіс әсіресе, соғыстан кейінгі 50-70 жылдары қатты белең алды. Саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени өмірде де орталықтың үстемдігі ашық түрде болмаса да, анық байқалатын. Егер де осы үрдістер кешенді түрде жалғаса берсе, онда қазақ халқының сол кезеңдегі бір-екі буын өкілдері толығымен мәңгүрттеніп кетуші еді.
«Әрекет етуші күшке әрқашан қарсы әрекет етуші күш бар болады» деген физика заңының қоғамдық өмірге де қатысы бар екені белгілі. Өткен ғасырдың 50-70 жылдары қазақ халқының рухани өмірін мәңгүрттеу саясатының тетіктері толығымен іске қосылған кезде рухани кеңістігіміздің тұтастығын сақтап қалу үшін оған қарсы күштер қалыптасады. Дәлел ретінде «Менің Қазақстаным» әнінің(1956 жылы жазылған, әнін жазған Ш.Қалдаяқов, сөзін жазған Ж.Нәжімәдинов) осы тұста дүниеге келіп, қазақ халқының рухын қалай асқақтатқаны белгілі. Тарих ғылымы маркстік-лениндік методологияның тар құрсауында болса, тарихшылар – идеологиялық майданның алдыңғы сапындағы жауынгерлер делініп, олардың айтар ойлары мен жазбақ еңбектері қатаң бақылауда ұсталынды. Атақты тарихшы Е.Бекмахановтың «ісінен» кейін тарихшыларымыздың өздері ел тарихының терең қойнауларына, тарихтың өзекті және күрделі тақырыптарына бара алмай немесе бармай, үкіметтің жүзеге асырған бесжылдықтар тарихын, ондағы партияның басшылық рөлін зерттеумен айналысуға мәжбүр болды. Дәл осы тұста, қазақтың рухани өмірінің ұлттық сипатын, қазақ ұлтының болмысын сақтап қалуға, қазақ халқының рухын асқақтатуға тарихтың егіздей болған сыңары – әдебиет, тарихшылармен бірге көп қыспаққа ұшыраған зиялы қауым – жазушылар келеді. Қазақ халқының ортағасырлардағы тарихының маңызды мәселелерін тақырып етіп алып, жазушылар оны көркем әдебиет арқылы көпшілікке жеткізуге тырысты. Осындай ұлы істің басында 2015 жылы 100 жылдығын бүкіл қазақ жұрты атап өтіп отырған көрнекті жазушы, он жеті романның авторы, 1968 жылғы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ілияс Есенберлин(1915-1983) тұрды.
Қазақ әдебиеті тарихында алғаш рет тарихи тақырыпқа қалам сілтеп, жаңа бағыттың есігін ашып берген І.Есенберлин, осы салада өте жемісті еңбек етеді, қазақ халқының рухани өміріндегі асыл қазынаға айналған керемет әдеби туындыларды дүниеге әкеледі. Кезінде І.Есенберлинге іні бола білген, оның «Көшпенділер» трилогиясының редакторы болған, бүгінде қазақ әдебиеті классиктерінің бірі, халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың айтуынша «...І.Есенберлин артындағы біз секілді жас жазушыларға мұзжарғыш кеме секілді тыңнан жол салып берді»[1].
Жазушы 1969 жылы «Қаһар», 1971 жылы «Алмас қылыш», 1973 жылы «Жанталас» романдарымен қазақтың рухани дүниесін дүр сілкіндіріп, қазақы рухтың өшпеуіне, қайта оның нығая түсуіне ықпал етеді. Қазақ халқының рухани өмірін тұқыртуға бағытталған әрекет етуші күшке «Көшпенділер» трилогиясы қарсы әрекет етуші күш ретінде тұрды және ол өзінің негізгі міндетін атқара алды. Оның бір көрінісіне бала кезімде көзім көрген бір оқиғаны айтып өтсем деймін.
Шамасы 1972 жылдың көктемі-жаз айлары болар. Арал теңізінің солтүстік-батыс жағалауындағы Ақеспе деген кішігірім балықшылар ауылында 2-3 көшеден ғана тұратын 60-70 үй бар-ды. Біздің көшенің бойында бізбен көршілес үйде үнемі көзіне қап-қара көзілдірік тағатын бір шал тұрды. Екі аяғы тізеден жоғары жоқ, арбаға таңылған болатын. Күнде күндізгі сағат 11-12-де және кешке жақын, бірақ әлі күн жарықта оған туысқанының жоғары сыныпта оқитын бір баласы келіп кітап оқып беретін. Біздер, 1-2 сыныпта оқитын көрші үйдің балалары кейде қызық көріп, шалдың жанына жайғасып алып тыңдаймыз. Бірақ не оқылып жатқанын білмейміз. Бізге қызығы – тыңдап отырған шалдың әсері болатын. Кейде кітап оқып отырған баланы тоқтатып, қей тұстарды қайта оқытады, ал кейде айызы қанып, «ий, ий» деп, ерні жыбырлап бірдемелер дейтін. Бізге сол қызық болып көрінетін. Сол жылы ауылымызда үлкендердің аузынан «Есенберлин», «Алмас қылыш» деген сөздерді көп естідік.
Кейіннен 6-7 сыныптарда «Алмас қылышты» өзіміз де оқып шықтық. Жартылай түсіндік, жартылай түсінбедік. Адам есімдері өте көп, бірі есте қалса, бірі қала бермейді. Тек нақты оқиғаларды баяндайтын тұстар ғана есте қалған. Ұлттық университеттегі тарих факультетінің студенті атанып, кітапты қайта оқыған кезімде ғана оның қандай маңызды екенін түсіндік.
Ауылдағы осы оқиғаларды қазір еске ала отырып, мұндай жағдай бүкіл қазақ ауылында болды деп ойлаймын. Ол кезде әр ауылда кітапхана, кітап дүкендері жұмыс жасаушы еді. Оқуға мүмкіншілігі жоқтар біреулерге оқытып, тарихқа деген рухани шөлін қандырса, ал қалың оқырман «Алмас қылышты» оқу арқылы елдің бес ғасыр бұрынғы тарихымен танысып, бойларына қуат алды, жігері тасып, санасы рухтанды, жүздерінде қуаныш сезімі ұялады деп жүз пайыз сеніммен айта аламын. Осылайша, ел тарихының бір ірі тақырыбына арнап жазылған «Алмас қылыш» романы бүкіл халықтың рухани өмірінің тынысын кеңейтіп, әркімге күш-жігер береді. Кітапты оқыған әрбір оқырманның бойындағы күш-қуат пен бүкіл халықтың бойындағы күш-қуат бұған дейін айтып өткеніміздей, әрекет етуші күшке қарсы тұрған рухани күшті қалыптастырды. Бүгінгі күнгі еліміздің тәуелсіздік алып, оның іргесінің бекуіне сол кезде қалыптасқан рухани күштердің әсері болды деп айтуға болады.
Кәсіби тарихшы ретінде І.Есенберлиннің «Алмас қылышының» құдіреті неде болды екен деп кітапты қайта қарауға тура келді. Кітаптың көркемдік жағын сыншы-әдебиеттанушылардың еншісіне қалдырып, оның тарихилық жақтарына ерекше ден қойдым.
«Алмас қылыш» романындағы алғашқы тарихилық жаққа оның уақыт пен кеңістік ұғымдарын нақтылауы дер едім. Кітаптағы оқиғалардың басым бөлігі XV ғасырдың орта тұсынан XVI ғасырдың алғашқы он жылдығы аралығында қазіргі Қазақстан немесе бұрынғы Шығыс Дешті Қыпшақ жерінде және Шығыс Түркістан мен Мауереннахр аумақтарында өтеді. Кей тұстарда автор тарихи шегіністер жасай отыра, XIII –XIV ғасырлардағы Шыңғыс хан, Жошы хан, Бату хан, Үгедей хан, Күйік хан, Өзбек хан, Жәнібек хан, Бердібек хандарға қатысты оқиғаларды қосымша түрде баяндап өтеді. Сөйтіп, романның мазмұнындағы уақыт пен кеңістік ұғымдары өте дәл көрсетіледі. «Алмас қылышта» баяндалған, суреттелген уақыт шеңбері Қазақстан тарихындағы аса маңызды кезеңдердің бірі - Қазақ хандығының құрылуы мен күшеюі аралығына сай келеді.
І.Есеберлиннің тарихи тақырыпқа арналған туындысының ең құнды жері оның деректік негізінде жатыр. Автор сол жылдардағы тарих ғылымына белгілі және орыс, қазақ тілдерінде ғылыми айналымға түсірілген барлық жазба дерек мәліметтері мен қазақ халқының ауыз әдебиетінің материалдарын шебер пайдаланған. Ең бастысы, «Алмас қылыш» авторы XIII-XVI ғасырлардағы Қазақстан тарихының этно-саяси тарихына қатысты сол кезеңдегі ең озық деп саналған тарихи ой-тұжырымдарды да пайдаланады. Ал оған қол жеткізу үшін қаншама монография, қаншама мақалалар мен жинақтар қаралды, талданды десеңізші!
Тарих ғылымында зерттеу жұмысының құндылығына тың деректерді қолдану, оны талдау, сол арқылы қарастырып отырған мәселеге байланысты зерттеушінің жасаған тұжырымдары жататыны белгілі. Қазақстан тарихының дамыған және кейінгі ортағасырлық кезеңінен хабары бар оқырманның «Алмас қылышпен» мұқият танысқан кезде ондағы деректердің молдығына және автордың оларды кәсіби зерттеуші сияқты рет-ретімен қолдана білгеніне таң қалмасқа шарасы қалмайды. Автордың белгілі бір оқиғаны тарихи заңдылықтарға сай сөйлете білгені, тарихи даму желісінен шықпай екі оқиға арасындағы байланыстарды жазушылық қиялмен жалғай білгені, тіпті басты кейіпкерлер арасындағы диалогтардың өзі тарихи кезеңнің шындығына сай келуі міне, осы айтылғандардың бәрі жазушының құр қиялының жемісі емес, оның тақырыпқа қатысты ізденістері мен зерттеулерінің нәтижесі болып табылады. Кітаптағы әрбір деректі қарастыру барысында автордың отыздан астам ортағасырлық авторлардың деректерінен мәліметтерді пайдаланғанына көзімізді жеткіздік. Олардың ішінде Марко Поло, Рашид ад-дин, Масуд бен Осман Кухистани, Камал ад-дин Бинай, Натанзи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Жувейни, Захир ад-дин Бабыр, Махмуд бен Уәли, Әбілғазы, Қадырғали Жалайыр және тағы басқа авторлар бар. Сондай-ақ көптеген халықтың ауыз әдебиетінің материалдарын кездестіруге болады. Кейбір тұстарда жазушының өз қиялынан туған штрихтар кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі ушықтырады, романдағы оқиғаларды шиеленістіре түседі. Олардың бәрі жазба дерек мәліметтерімен толықтырылып, бір-бірімен байланыстырылып ұсынылады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін кітаптағы дерек мәліметтеріне назар аударалық.
«Алмас қылыштың» бірінші бетінен бастап І.Есенберлин XIII ғасырдағы итальяндық жиһангез Марко Полоның моңғол әскерінің құрылымы, соғысу өнері мен әскери тәртібі жөнінде жазған мәліметін өте ұтымды қолданады. Романда ол туралы былайша баяндалады: «Әбілқайыр көзін жұмды. Жақында ғана фарсы тіліне аударылған Шыңғыс бабасының әмірі жүріп тұрған кезінде Қарақұрымда болған италиялық бір жиһангез жолаушының жазған кітабының әрбір әрпі бақандай боп көз алдына тұра қалды. Әбілқайыр ернін жыбырлатып оқи бастады: «... Шыңғыс хан он адам бір адамға бағынсын деп бұйырға, ал он онбасы бір жүзбасыға бас иген. Он жүзбасының үстінен бір адам қараған. Оны мыңбасы деген...»[2, 9]. Осы деректі біз Марко Полоның кітабынан кездестіреміз[ 3, 81-82].
Автордың жиі қолданған дерегінің біріне XIV ғасырдың басында жазылған парсы тарихшысы Рашид ад - диннің «Жылнамалар жинағының» мәліметтері жатады. Бұл еңбектегі Шыңғыс ханның төрт ұлының әкеден қалған жерлерді төрт ұлысқа бөліп алып, әрқайсысы бір –бір ұлыстан басқаруы, Жошы мен Төле, Үгедей мен Шағатай ұрпақтары арасындағы тақ үшін талас-тартыстар, Батудың батыс елдеріне жорығы және жаулап алулары, Үгедейдің қайтыс болып, орнына ұлы Күйік ханның билікке келуі, Бату хан мен Күйік хан арасындағы қайшылықтар, Күйік ханның өлімі және тағы басқа көптеген тарихи деректер «Алмас қылышта» Әбілқайыр ханның ойы түрінде баяндалып, оқырманды өз иіріміне орап алады[2, 10-14].
І.Есенберлин кітабының құндылығы оның деректерінің молдығында және оларды автордың ұтымды қолдана білуінде болса керек. Тек қана Әбілғазыда кездесетін «Нар мойыны Бердібекте кесілді» деген сөз тіркесін ол былайша қолданады. «...Осы әз Жәнібек ханды қараңғы түнде туған баласы Бердібек өз қолынан бауыздап, хан тағына жетті. Бірақ Бердібек құр әкесін өлтіріп қана қоймады. Алтын Орда тағынан дәметер деп, бір жазда ат жалын тартып мінер аға-інісін тегіс өлтірді. Абат елді ала айран етті. Әйтсе де меншіктенген алтын тақ оған құтты болмады. Таққа отырғанына екі жыл өтер-өтпестен, қастасқан туыстары оның өзін бауыздап өлтірді. Халық арасына тарап кеткен «Нар мойны кесілген, Бердібек хан өлген кез» деген мәтелдің аңысы содан. Міне, осы Бердібек ханның өлуімен бірге Бату ұрпағының Алтын Ордаға хан болуы да біткен»[2, 12]. Осы жолдарға негіз болған Әбілғазының дерегі былайша баяндалады: «...Бердібек хан өте залым және пасық, іші қара адам еді. Аға-інісі, барлық туыстарынан ешкімді қалдырмай, бәрін өлтірді. Бұл пәниден өзі өтпейтіндей көрінді. Ақыры патшалығы ұзаққа бармады, екі жылдан кейін жеті жүз алпыс екінші жылы опат тапты. Сайын хан әулеті Бердібекпен аяқталды. Өзбек ішінде «Нар мойыны Бердібекте кесілді» деген мысал бар. Бұдан соң Жошы ханның өзге балаларының әулеті патшалық құрды»[4, 117]. Тек осындай дерек мәліметін жетік меңгерген адам ғана жоғарыда келтірген үзіндіні жаза алады.
«Алмас қылышта» қазақ ханы Жәнібек ханның өзі және оның ұрпақтары туралы баяндалғанда олардың әйелдерінің есімдері толық айтылып отырылады. Ол жазушының қиялынан туған дүние емес, нақты жазба деректе кездесетіе мәліметтер. Қадырғали Жалайыр еңбегінің «Ораз-Мұхаммед хан дастаны» атты тарауында қазақ хандары туралы мәліметтер тұнып тұр[5,121-123].
Романда дерек мәліметтерінің тұнып тұрғанын мынадай бір абзацтан –ақ байқауға болады. Соны тыңдап көрсек.
«Әбілқайыр тағы да ойға шомды.
Он жеті жасында «Бату тағы», «Өзбек тағы» деп аталған Дәшті Қыпшақ тағына отырды. Ол кезде хан ордасы сонау шығыстағы Ертіс өзенінің қойнауындағы Чинга Тұра қаласына ту тіккен, майданды сол тұста ашып, жеке-жеке ұлыс болып отырған қазақ хандарын жеңіп, бірте-бірте Есіл, Тобыл, Нұра өзендерінің бойын тегіс өзіне қаратты. Сол қарқынмен ол бір кезде, Жошының ордасы тігілген, Ұлытау бойына жетті. Енді өзінің астанасын Бату ханның әскері екі жүз жиырма жыл бұрын бас қосқан Кеңгір бойындағы Орда-Базар деп аталатын қалаға көшірді. Ұлытау Дәшті Қыпшақ даласының кіндік ортасы. Батысы - Еділ, Жайық, солтүстігі – Есіл Тобыл, шығысы – Ертіс, оңтүстігі – Сыр бойы. Осы Дәшті Қыпшақ жеріне тегіс ие болғаннан кейін, ол Мауереннахр жеріне көз сала бастады. Отыз жыл хандық құрған өмірінде Үргеніш пен Самарқантты шапты. Мауереннахрдан Сығанақ, Созақ, Отырар, Ақрұқ, Ақ-Қорған тәрізді Дәшті Қыпшақ елінің көне шаһарларын қайтарып алды. Сөйте жүріп ол бір жағынан Ақсақ Темір ұрпақтарына қыз беріп, қыз алып, әбден қандасып кетті. Ақырында Әбілқайыр бұл кездерде түркі, иран елдері «Көк Орда», ал орыс шежірелерінде «Ақ Орда» деп аталған кешегі Алтын Орданың кең байтақ алып даласына толық ие болды»[2,31].
Енді осы келтірілген жарты беттік үзіндіде қанша дерек материалдары қолданғанын анықтап көрелік.
«Он жеті жасында «Бату тағы», «Өзбек тағы» деп аталған Дәшті Қыпшақ тағына отырды» деген мәліметті І.Есенберлин XVI ғасырдың 40-50 жылдары аралығында жазылған шибанилық әулеттің тарихшысы Кухистанидың «Тарих-и Абу-л-Хайр-хани» атты еңбегінен алады. Дерек мәліметінде ол жөнінде былай делінеді: «Он жеті жасында мешін жылына сәйкес келетін сегіз жүз отыз үшінші жылы [Әбілқайыр хан] салтанатты жағдайда мемлекет билеушісінің тағына отырды»[6, 144]. Осы деректе тағы да мынадай мәлімет кездеседі: «Бір шетінен екінші шетіне дейінгі таза ауасы мен мөлдір суы басқа аймақтардан ерекшеленетін Дешті Қыпшақтағы Сайн-хан тағы («Бату хан тағы» - Б.К.) [Әбілқайыр ханның] иелігіне өткеннен кейін халыққа бейбітшілік орнады»[7 ,171]. Кухистанидың осы еңбегінде Әбілқайыр ханның 1428-1431 жылдары Дешті Қыпшақ аумағындағы шибанилық ұлыстарды қалай бағындырғаны жөнінде баяндалады[6, 146-149]. Дәл осындай сарындағы Әбілқайыр ханға қатысты мәліметтер Ходжамқұли-бек Балхидың «Тарих-и Кипчаки» атты еңбегінде ұшырасады[7,389-393]. Балхи Әбілқайыр ханның Дешті Қыпшақтағы бағындыру соғыстарының нәтижесін: «[Ол] Дешті [Қыпшақты] [өз] мемлекетінің астанасы етті», - деп қорытындылайды[7, 393]. «Алмас қылыштағы» жоғарыда келтірген үзіндінің бір бөлігін талдау арқылы кітап авторының қаншама деректі ақтарып, қаншама мәліметті пайдаланғанын байқаймыз.
І.Есенберлин осы бір үзіндіні жазу үшін тек мұсылман авторларының мәліметтерін шектелмеген. Ол 1965 жылы Мәскеу қаласында жарық көрген кеңес-өзбек тарихшысы Б.А.Ахмедовтың «Государство кочевых узбеков» атты зерттеу кітабындағы Әбілқайыр ханның билікке келуі мен оның алғашқы жорықтары, оның нәтижелері жөніндегі тұжырымдарымен де танысады, оларды өте тиімді пайдаланады. Мұнда зерттеуші Әбілқайыр ханның 1428 жылы Тура қаласын, 1429 жылы Тобыл өзені бойында туысы шибанилық Махмұд қожа ханды жеңіп, оның ұлысын өзіне қосып алғанын, 1428-1431 жылдар аралығында соғыстар арқылы бүкіл Шибан ұлысын біріктергенін жазған болатын.[8, 48].
І.Есенберлиннің «... Енді өзінің астанасын ...Кеңгір бойындағы Орда-Базар деп аталатын қалаға көшірді» деген сөйлеміне негіз болған тұжырымдарды Ә.Марғұланның зерттеулерінен кездестіреміз. Онда археолог Орда-Базар қаласы Кеңгір өзенінің бойында орналасқан, кезінде бұл қала Батый ханның ордасы болған еді деп жазған болатын[9,129].
Романдағы «...Дәшті Қыпшақ жеріне тегіс ие болғаннан кейін, ол Мауереннахр жеріне көз сала бастады. Отыз жыл хандық құрған өмірінде Үргеніш пен Самарқантты шапты» деген сөйлемнің негіздері «Тарих-и Абу-л-хайр-хани», «Тарих-и Кипчаки» еңбектеріндегі мәліметтерден және монографиялық зерттеулерден алынғаны бірден көрінеді[6,162-167; 7, 391-392; 8, 49-51.].
Сондай-ақ Б.А.Ахмедовтың еңбегіндегі: «Әбілқайыр хан Моғолстандағы саяси бытыраңқылық пен Шахрухтың қиыншылығын шебер пайдалана отыра, 1446 жылы Сырдария өзенінің екі жағында орналасқан Ақ-Қорған, Аркөк, Өзгент, Сығанақ және Созақ бекініс-қамалдарын басып алды», - деген тұжырымы үзіндіде көрініс тапқан.[8, 57-58]. Соныме бірге біз қарастырып отырған дерек мәліметтерінде Әбілқайыр ханның Ұлығбектің қызы Рабиға сұлтан бегімге үйленгендігі туралы І.Есенберлин: «Сөйте жүріп ол бір жағынан Ақсақ Темір ұрпақтарына қыз беріп, қыз алып, әбден қандасып кетті», - деп айтып өтеді[6, 167].
Ал енді «Ақырында Әбілқайыр бұл кездерде түркі, иран елдері «Көк Орда», ал орыс шежірелерінде «Ақ Орда» деп аталған кешегі Алтын Орданың кең байтақ алып даласына толық ие болды» деген сөйлемдегі ойдың деректік негіздеріне назар аударсақ, «Алмас қылыш» авторының ізденістерінің тереңдігіне таң қалмасқа шараң қалмайды! Романдағы осы бір ған сөйлемді қағазға түсіру үшін жазушы қаншама деректі қарап, қаншама тарихи зерттеулерді меңгереді.
XIV-XV ғасырларда Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы немесе қазіргі Қазақстан аумағындағы саяси құрылымның қалай деп аталғандығы жөнінде тарихшылар арасында әлі күнге дейін дау-дамай бар. Зерттеушілердің бір тобы бұл аумақты «Ақ Орда» деп атаса, ал екінші бір тобы мұндай пікірлермен келіспей «Көк Орда» атауын қолданады. Қазіргі кезеңде бұл мәселе бойынша қаншама дискуссия болып, қаншама мақалалар жазылды. Тіпті мәселенің зерттелу тарихының өзін меңгеру тарихшылар үшін біршама қиындықтар туғызады. Ал жазушының осы бір ғана сөйлемді романға енгізу үшін қаншама ізденгенін көз алдыңызға елестетіп көріңізші! Жалпы, «Алмас қылыш» романының құдіреті неде деген сұрақтың жауабы осы жерден көрінсе керек. Романның күштілігі мен құдіреті - оның тарихи деректік негіздерінің молдығында деген болар едім.
Бір ғана сөйлемді романға енгізу үшін І.Есенберлинге Алтын Орда тарихына арналған арнайы зерттеулерді, атап айтсақ, Б.Д.Греков пен А.Ю.Якубовскийдің, Л.Н.Насоновтың, В.В.Бартольдтың, М.Г.Сафаргалиевтың және тағы басқа авторлардың арнайы зерттеулерімен танысуына тура келеді. «Алтын Орда тарихына қатысты материалдар жинағы» атты екі томдық еңбектегі араб авторлары мен парсы тілінен аударылған көптеген тарихи шығармаларды және ең бастысы, Натанзидың «Ескендірдің анонимі» атты дерегінің мәліметтерін меңгереді.
М.Г.Сафаргалиевтың «Распад Золотой Орды» атты 1960 жылы жарық көрген монографиясы жазушының кітап сөресінде емес, жазу үстелінің үстінде беті ешқашан жабылмайтын кітаптарының бірі болған секілді[10]. Кейіннен жазушы мұндағы тарихнамалық тұжырымдардарды өзінің «Алтын Орда» атты трилогиясында қолданады.
Ізденімпаз жазушы ақыры мәселенің түйінді екенін аңғара келе, мәселенің деректік негіздері мен соған қатысты тарихнамалық ойларды зерделей келе, XIV-XV ғасырлардағы Шығыс Дешті Қыпшақ аумағын «Түркі, иран елдері «Көк Орда», ал орыс шежірелерінде «Ақ Орда» деп аталған кешегі Алтын Орданың кең байтақ алып даласы», - деп жазады.
«Алма қылыш» романы – Қазақ хандығының құрылуы мен күшеюін суреттейтін көркем туынды. Қазақ хандығының құрылуындағы ең басты оқиғаға - Керей мен Жәнібек хандардың қарамағындағы елімен Әбілқайыр хандығынан бөлінуі жататыны баршаға мәлім. Ал осы бөлінуге түрткі болған жағдайды көрсететін жазба дерек мәліметі әлі күнге дейін белгісіз. Керісінше, халық ауыз әдебиетінің материалдары осы жетіспеушіліктің орнын толтыра алады. Алғаш рет тарихнамада Ш.Құдайбердіұлы бірінші болып, 1911 жылы жарық көрген еңбегінде Қара қыпшақ Қобыланды батырдың қысастықпен Ақжол биді өлтіруі және одан кейінгі өрбіген оқиғалар – Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлінуіне себеп болды деп жазған болатын[11, 22-23]. І.Есенберлин заманында Шәкәрімнің еңбегін қолданбақ түгіл, оның есімін ашық айтуға тыйым салынған болатын. Соған қарамастан жазушы батылдыққа барып, Шәкәрімнің еңбегін табады да, ондағы материалдарды романның басты сюжеттерінің біріне айналдырып жібереді. Қобыланды батырдың Ақжол биді өлтіруі және соның төңірегіндегі оқиғаларды оқырманның өзі романнан оқып алар деген оймен, біз бұл жерде кітаптан үзінді бермей отырмыз.
Әңгіме төркіні Керей мен Жәнібек хандарға ауысқаннан кейін романда бұл екі тұлғаға қатысты қандай дерек мәліметтері қолданылған деген мәселеге назар аударып көрелік.
Қазақ хандығының негізін салған Керей мен Жәнібек хандардың бір-біріне туыстығын автор кітапта былай деп жазады: «Әбілқайырдың сескенетін жауы екеу: бірі – Орыс ханнан туған Құйыршық ханның баласы Барақ ұлы Жәнібек пен оның үш аталас туысы Керей. Екіншісі өзінің аталасы Мақмүдек ханнан туған Ходжа Мұхамед ханның баласы Абақ»[2, 13]. Ортағасырлық шибанилық үш тарихи шығарма - «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме», «Фатх-наме» және «Шайбани - наме» еңбектерінде ғана осы жөнінде мәліметтер бар[12, 19; 13,56-57; 14, 99]. Ал Керей мен Жәнібек хандардың туыстығын көрсететін деректің ең алғашқысы – «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме» дерегіндегі «Жошы ұрпақтарының шежіресі» атты мәліметтер[12, 41-42]. Онда былай делінеді: «Орыс ханның жеті ұлы бес қызы болды. Ұлдарының есімдері – Тоқта-Қия, Құтлық-Бұқа, Тұғлық-Болат, Құйыршық, Тоқта-Болат, Сайд-Ахмет, Сайд-Әлі. Қыздарының есімдері – Меңлі-бек, Шекер, Суди-бек, Иран-бек, Меңлі-Түркен. Тоқта-Қияның үш ұлы және үш қызы болды. Оның ұлдарының есімдері – Тәңірберді, Йагуджак-анеке, Болат. ... Болаттың ұлы Керей хан.
Құйыршықтың ұлы – Барақ хан. Оның қыздары – Байанда-сұлтан, Рукйиа. Барақ ханның үш ұлы болды. Олар – Мір-Сайд, Мір-Қасым Бу-Сайд (оны тағы да Жәнібек хан деп те атайды)»[12, 42]. Осындай дерек мәліметтерін меңгеру арқылы ғана жазушы қазақ хандарының туыстығы жөнінде пікір айтып отыр.
І.Есенберлин «Алмас қылышты» жазу барысында тек дерек мәселелерімен шектеліп қоймаған. Сонымен бірге ол жазып отырған тақырыптарына қатысты тарих ғылымындағы тарихнамалық тұжырымдарды да меңгергені байқалады. Солардың бір-екеуіне тоқтала кетсек.
Тарих ғылымында Батый хан бастаған моңғол әскерлерінің батысқа жасаған жеті жылдық жорығы және олардың кейін оралуы туралы бірнеше пікірлер бар. Мысалы, кеңестік тарихнамада бұған қатысты мынадай тұжырым айтылады: «Феодалдық бытыраңқылық пен жау әскерінің орасан көп болуы Русьті моңғол-татар езгісінен құтқармады. Бірақта орыс халқының ерлікпен қарсылық көрсетуі жаулап алушылардың күшін азайтты, сөйтіп, Орталық Европа елдері – Польшаға, Венгрияға, Чехияға, Словакияға бағытталған жорықтарының күшін әлсіретті. Содан соң жаулап алушылар шығысқа оралды»[15, 46]. Бұл тұжырым - сол кезеңдегі моңғол әскерлерінің кейін оралуын түсіндіретін бірден-бір ресми пікір болатын. Бұл пікірдің ар жағында Европа халықтарын моңғол жаулап алушылығынан өзі құрбан бола отыра, орыс халқы құтқарды деген ой жатты. Ал европалық авторлар болса, бұған қатысты мүлде басқа тұжырымдарды алға тартады. Олардың ортақ пікірінше, моңғол жаулап алушылығына қарсы европалық мемлекет басшылары Ватикан туы астында біріге бастады. Мұндай күшпен соғысуға жүрегі дауаламаған Батый хан кері оралудан басқа жол таппайды.
Ал бұл жөнінде «Алмас қылышта» не делінеді екен, соны тыңдап көрелік. «Сол бір жыл күн тұтылған бір мың екі жүз отыз алтыншы жылы еді ғой. Бату хан бастаған қалың қол жаздың аяқ кезінде Еділ бойындағы бұлғарлардың астанасын алды. Үш жылдың ішінде Бату әскері Рязань, Владимир, Суздаль, Киевті шауып батысқа жол ашылды. Қан судай ақты. Жанған қала, жылаған бала. «Шыңғысхан!», «Батухан!», «Сүбітай баһадур!» аттары әлемді түршіктірді. Бату әскерінің алдында Европа мемлекеттерінің бай өлкелері қалды. Моңғолдың ақтангер тапал жылқысының тұяғы енді Польша, чехтар мен мадиярлардың жерін басты. Алдарынан Адриат теңізінің жағасын жайлаған тағы славян елдері көрінді.
Батухан ол араларға жетер ме еді, қайтер еді, дәл осы кезде яғни бір мың екі жүз қырық бірінші, доңыз жылы ұлы хан Үгедей өлді деген хабар келді. Бату кейін қайтты. Бөтен елдерді алу қуанышынан Қарақұрымдағы Шыңғыс тағына кімнің отыру қаупі күшті болды»[2, 11]. Көріп отырғанымыздай, І.Есенберлин ресми тұжырымды біле отыра, оны мойындамайды, өзіндік тың тұжырымды ұсынады. Бұл пікірдің шынайы екендігін қазіргі күні тарих ғылымы дәлелдеп отыр.
Біз жоғарыда І.Есенберлиннің тарихнамалық тұжырымдарды жақсы меңгергендігі жөнінде айтқанбыз. Романның негізгі оқиғасы – Қазақ хандығының құрылуы болғандықтан, автор осы мәселеге қатысты тарихнамалық тұжырымдарды қарастырып, өзінің ой елегінен өткізеді. Сол жылдардағы бірден бір үстем тұжырымға – академиялық басылымдағы тұжырым жатты.
1957 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының тарих, археология және этнография институтының жетекші мамандары жазған «Қазақ ССР тарихының» бірінші томы жарық көреді. Томдағы Қазақ хандығының құрылуына арналған тарауды тарихшы В.Ф. Шахматов орындайды [16, 137-141 бб.]. Онда Қазақ хандығының құрылу тарихының жазылуына сол жылдары ең беделді шығыстанушылардың бірі – А.А. Семеновтың пікірлері негізге алынады. Оның пікірі бойынша Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуі ортағасырлардағы жай ғана ру-тайпалардың қашып кетіп, басқа ханға барып қосылуы, ол жалпы сипатқа ие болмаған. Сондай-ақ, ХYІ ғасырлардың басына дейін бірнеше қазақ сұлтандарының иеліктері болған деген тұжырым 1957 жылғы томда айтылады. Енді осы академиялық басылымдағы пікірлер мен тұжырымдарға назар аударалық.
1) Томда тарау мен тарауша "Қазақ хандығының құрылуы" деп аталады да, «Алғашқы қазақ хандықтары Қазақстан аумағында ХY ғасырда» пайда болды»,- деген тезис ұсынылады [16, 137 б.].
2) «Тарих-и Рашидидегі» Керей мен Жәнібектің бөлініп кетуі туралы мәліметті келтіре отырып, Моғолстанның батысында Шу мен Сарысу өзендері аралығында Жәнібек хандығы пайда болғандықтан, көп ұзамай Жәнібек ханның туыстарының да Әбілқайыр ханнан тәуелсіз иеліктерінің құрылғандығы айтылады [16, 140 б.].
3) Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін Өзбек Ұлысындағы аулауыздықтарды пайдаланып, билікті тартып алу үшін Керей мен Жәнібек хандар басқа да сұлтандармен біріге отырып күрес жүргізеді. Бірақ Жәнібек хан Өзбек Ұлысында бірден орныға алмайды.
4) Қазақ даласында Бұрындық хандығымен қатар Қасымның, Жаныштың, Таныштың, Ахмедтің және тағы басқа сұлтандардың иеліктері болады.
Байқап отырғанымыздай, 1957 жылғы Қазақ ССР тарихының бірінші томында Қазақ хандығының құрылуы мүлде басқаша түсіндіріледі. Тұжырым авторының түсіндіруінше, алдымен ұсақ қазақ хандықтары құрылған, кейінен ұсақ хандықтардың бірігуі нәтижесінде Қазақ хандығы дүниеге келген.
«Алмас қылышты» оқи отыра осы пікір алдыңнан шығып отырады. Әлі де болса Қазақ хандығы құрылмай жатып, «қазақ рулары», «қазақ жерлер» деген сөздерді жиі ұшыратасыз. Бұны сол кездегі тарих ғылымындағы ресми тұжырымның әсері деп түсінуіміз керек.
І.Есенберлиннің тарихи тақырыпқа арналған романындағы әрбір дерек мәліметі мен тарихнамалық тұжырымдар әлі де болса зерттеуді қажет етеді. Біз осы мақаламызда тек солардың бірнешеуіне ғана тоқталдық.
Әлі күнге дейін оқырмандарының ыстық ықыласына бөленіп отырған автор мен оның кітабының құдіреті неде деген сұраққа енді ғана жауап тапқандаймыз. Оның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, автордың сол заманда осындай тақырыпқа барып, тыңнан түрен сала білуі және әдебиет арқылы тарихтың міндетін атқаруға ат салысуы болса керек.
Екіншіден, өте көп жазба дерек мәліметтерін, халық ауыз әдебиетінің материалдары мен тарихи зерттеу материалдарын меңгеріп, оларды тиімді қолдана білуі жатса керек. Бұлар өз кезегінде «үйдің беріктігі іргетасында» демекші, романның бар жүгін көтеріп тұр. Кітаптың жазылғанына жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, ол әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Үшіншіден, «Алмас қылыш» және оның авторы қазақ халқымен мәңгі бірге жасай беретін рухани дүние деп санауға әбден тұрады.
Әдебиеттер:
- Қ.Жұмаділовтың авторға айтқан ауызша әңгімесі.
- Есенберлин І. Көшпенділер: Тарихи трилогия. – Алматы: «І.Есенберлин атындағы қоры», 1998. – 584 б., ил. 52 с.
- Книга Марко Поло. Серия: Путешествия. Открытия. Приключения. – Алма-Ата: Наука, 1990. – 352 с.
- Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы: Ана тілі, 1991. 208 бет.
- Қ.Жалайыр. Шежірелер жинағы. Алматы: Қазақстан, 1997. – 128 бет.
- Тарих-и Абу-л-хайр-хани. // Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII веков (Извлечения из персидских и тюркских сочинений) Сост.: С.К.Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А.Пищулина, В.П. Юдин. – Алма-Ата, 1969. – 652 с.(Одан әрі МИКХ.)
- Тарих-и Кипчаки.//МИКХ.
- Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков. М., 1965.
- Маргулан А.Х. Археологические разведки в Центральном Казахстане (1946 г.) // Изв. АН КазССР, серия историческая, №49, вып. 4, 1948, стр.119-145.
- Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды. Мына кітапта: На стыке континентов и цивилизаций... (из опыта образования и распада империй X-XVI вв.). М.: ИНСАН, 1996. – 768 с.
- Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. – Алматы: Қазақстан; Сана, 1991. – 80 бет.
- Таварих-и гузида-йи нусрат-наме.//МИКХ.
- Фатх-наме.//МИКХ.
- Шайбани – наме.//МИКХ.
- История СССР. Учебное пособие (Издание третье, дополненное). Под общей редакцией профессора Б.Д.Дацюка. часть I. М., Издательство «Мысль», 1970.
- История Казахской ССР. Т. І. –Алматы, 1957.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір